Жаңалықтар

«РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ: ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ, РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ»

2024 жылдың 06-27 қыркүйек күндері аралығында Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының тапсырысымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалы «Республикалық референдум: құқықтық негіздері, референдум комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында қалалық, аудандық аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары мүшелеріне арналған біліктілік арттыру семинарларын өткізді.

Семинардың мақсаты – референдум процесінің құқықтық негізгі ережелерімен, аумақтық, учаскелік референдум комиссияларының республикалық референдум өткізу және ұйымдастыру кезіндегі құқықтық негіздерімен танысу.

Семинар барысында референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмыс, дауыс беру күніне дайындық және дауыс беру қорытындысын шығару бойынша маңызды тақырыптар талқыланды. Референдумды қаржыландыру және мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету бойынша да арнайы секциялар ұйымдастырылды.

Аталған семинарда қатысушылар референдум кезеңіндегі дауыс беру учаскелерінде кездесетін жағдайларды топтық жұмыстар арқылы моделдеп, рөлдік ойындарға қатысты. Сонымен қатар, қатысушылар білімдерін тестілеу арқылы тексерді.

Семинарды Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы, сертификатталған тренер Айманакумов Азамат Мақсотұлы мен референдум комиссиясының мүшелері жүргізді. Оқыту аяқталғаннан кейін қатысушыларға тиісті сертификаттар табысталды.

Бұл іс-шараның өткізілуі референдум процестерін ұйымдастырудағы айқындықты қамтамасыз етуге және қатысушы азаматтардың сенімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.