Жаңалықтар

АКАДЕМИЯҒА ОҚУҒА ҚАБЫЛДАУ ЕРЕЖЕСІ ТҮСІНДІРІЛДІ

2024 жылғы 1-30 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына модульдік бағдарламалар бойынша қосымша оқуға түсу үшін құжаттар қабылдау жүргізіледі. Өтінімдер арнайы admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы онлайн түрде қабылданады. Аталған үрдіс және енгізілген өзгерістер туралы Академияның Атырау облысындағы филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

– Оқу жылы 6 модульден тұрады. Әрбір модульде офлайн және қашықтан оқыту форматтары қарастырылған. Мұндай тәсіл білім алушыларға оқу материалдарын арнайы кесте бойынша ыңғайлы түрде игеруге мүмкіндік береді. Оқуға түсу конкурсына мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйым өкілдері, квазимемлекеттік сектор мамандары, сондай-ақ мәслихат депутаттары қатыса алады, – деді Е.Ғабдығапаров.

Оқуға түсу үшін өтініш берген үміткерлер екі іріктеу кезеңінен өтеді. Бірінші кезең — аналитикалық эссе жазу, ал екінші кезең — сұхбат кезеңі. Іріктеу кезеңдері 2024 жылғы 4-7 желтоқсан аралығында Академия ғимаратында офлайн форматта ұйымдастырылады.

Оқуға түсуге қатысты сұрақтар бойынша төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады:

+7 (7122) 51 94 92;
+7 (702) 820-85-60