Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Агенттік төрағасы Дархан Жазықбайдың қатысуымен аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округ әкімдеріне арналған біліктілікті арттыру бағдарламасының ашылу рәсімі өтті.
Бұл бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленіп, жергілікті басқарудың тиімділігін арттыруға, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға қажетті құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған.
Курстың мазмұны стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды, жергілікті өзін-өзі басқару реформаларын, бюджеттеу және ресурстарды басқару мәселелерін қамтиды. Қатысушылар ауылдық округ деңгейінде бюджетті жоспарлау және бөлу қағидаттарымен, мемлекеттік сатып алу және салық салу негіздерімен танысады.
Бағдарлама аясында Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Еркебаев Нұрлан Тәңірбердіұлы әкімдерге өз білімдері мен басқарушылық дағдыларын шыңдауда сәттілік тіледі.
Оқыту 17 ақпан мен 13 мамыр аралығында өтеді. Курс соңында қатысушылар өздерінің ауылдық округтерін дамытуға арналған нақты бағдарламаларын ұсынатын болады.