Жаңалықтар

«СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КОМПЛАЕНС МЕКТЕБІ»

 2025 жылғы 26 ақпан күні Академияның Атырау облысы бойынша филиалы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесіп, облыстың квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлеріне арналған семинар ұйымдастырды. Аталған іс-шараның мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін дамыту, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы жетілдіру және халықаралық тәжірибені зерделеу арқылы адалдық қағидаттарын нығайту.

 Семинарды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жахин Нұрлан Серікұлы ашып, қатысушыларға құттықтау сөзін арнады. Ол өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары мен комплаенс қызметтерінің рөлін атап өтіп, бұл бағыттағы оқытудың маңыздылығына тоқталды.

Филиал директоры Ғабдығапаров Еркебұлан Серікұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша қызметкерлерді тұрақты оқытудың маңыздылығы мен ISO 37001:2016 халықаралық стандартқа сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін енгізу бойынша ақпарат берді.

 «Самұрық-Қазына» АҚ Комплаенс қызметінің бас менеджері Қарғабай Мирас Асқарбайұлы халықаралық стандарттар негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың ерекшеліктерін түсіндірді. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін заманауи әдістерді қолдану қажет.

«Ембімұнайгаз» АҚ Комплаенс қызметінің өкілі Нәсіпқалиев Шыңғыс мүдделер қақтығысын анықтау және оны шешу механизмдерін қарастырды. Спикер шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, тиімді комплаенс бақылаудың маңызын атап өтті.

 Семинар соңында қатысушылар аралық тестілеуден өтіп, алған білімдерін бекітті. Іс-шараның нәтижесінде қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.