Атырау облысының ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы тыңдаушылары «Коммуникациялық дағдарыс. Тиімді коммуникациялар және халықпен өзара іс-қимыл» тақырыбындағы дәріс шеңберінде «Атырау» телеарнасына барып, тәжірибелік сабаққа қатысты. Бұл шараның басты мақсаты – ауыл әкімдерін ақпараттық дағдарыс жағдайында халықпен тиімді байланыс орнатуға және сенімді сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға бағыттау болды.
Тыңдаушылар телеарна жұмысының құрылымы мен эфирге дайындық кезеңдері туралы толық ақпарат алды. Сонымен қатар, журналистік этика қағидаларын және ақпаратты дұрыс беру тәсілдерін меңгерді. Тікелей эфир мен брифинг кезінде сауатты сөйлеу және сұрақтарға нақты жауап беру әдістерін үйренді. Жұртшылықпен сенімді байланыс орнату және аудиторияның назарын аудару тәсілдерімен танысты. Дағдарыстық жағдайларда халыққа шұғыл әрі шынайы ақпарат беру жолдарын меңгерді.
Тәжірибелік сабақты «Атырау» телеарнасының продюсері Гүлназ Кәрімжанқызы жүргізді. Ол тыңдаушылармен еркін сұхбат өткізіп, эфирдің сәтті шығуына ықпал ететін маңызды ақпараттармен бөлісті. Лектор брифинг өткізу, сенімді сөйлеу және сұрақтарға нақты жауап беру бойынша тәжірибелік кеңестер берді. Сонымен қатар, телеарна жұмысының ерекшеліктерін көрсетіп, кәсіби құпиялармен бөлісті.
Бұл тәжірибелік сабақ ауыл әкімдерінің халықпен ашық әрі тиімді байланыс орнатуына, олардың сөйлеу мәдениетін дамытуға және қоғамның сенімін нығайтуға үлкен үлес қосты.