2025 жылғы 18 сәуірде Академияның Атырау облысы бойынша филиалында ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру курсы аясында маңызды кездесу өтті. Іс-шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жахин Нұрлан Серікұлы қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – ауыл әкімдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы білімін арттыру, олардың құқықтық сауаттылығын күшейту және бұл бағыттағы практикалық дағдыларын жетілдіру болды.
Шара барысында қатысушыларға Агенттік қызметінің негізгі бағыттары, оның ішінде «ашықтық», «әділдік», «заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделген жұмыс тәсілдері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, елдегі стратегиялық құжаттар – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия мен Мемлекет басшысының Жолдауларында көрсетілген басым бағыттар негізінде ауыл әкімдерінің нақты міндеттері мен жауапкершілігі таныстырылды.
Кездесуде Жахин Нұрлан Серікұлы маңызды сұрақтар төңірегінде егжей-тегжейлі түсініктеме берді. Ол өз сөзінде бүгінгі таңда қандай сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиялық құжаттардың өзекті екенін атап өтті. Мемлекеттік қызметшілер қандай әрекеттері үшін тәртіптік жазаға немесе қызметтен босатуға дейін жауапкершілікке тартылатыны, мүдделер қақтығысы мен этикалық нормаларға қатысты талаптар да кеңінен қозғалды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары жан-жақты түсіндіріліп, нақты мысалдар келтірілді.
Аталған шара диалог форматында өтіп, ауыл әкімдері өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, тәжірибелік тұрғыда нақты кеңестер алды.