Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалында ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру курсы аясында маңызды бейресми кездесу өтті. Шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Шамұратов Дарын Дүйсембайұлы және елімізге белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев арнайы қатысты.
Кездесу барысында профессор Асқар Жұмаділдаев қазақ халқының қалыптасу жолына, ұлттың басты құндылықтары мен тарихи тәжірибесіне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, ол қазіргі жаһандық дағдарыстан шығу жолдары, ұлттық экономиканы дамыту бағыттары мен басқару ісіндегі жаңа технологиялардың рөлі туралы тың ойларымен бөлісті. Ғалымның қазақ елін басқарудағы ұлы тұлғалар жайлы айтқан тұжырымдары мен терең философиялық пайымдары ауыл әкімдеріне ерекше әсер етті. Асқар Серқұлұлы білім мен біліктің, ұлттық тәрбие мен заманауи көзқарастың сабақтастығын сақтау маңызды екенін атап өтті.
Өз кезегінде, Атырау облысы әкімінің орынбасары Шамұратов Дарын Дүйсембайұлы ауыл әкімдерінің жұмысы үлкен жауапкершілікті талап ететінін айта келе, өңірлік даму мен ауыл әкімдерінің рөліне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, ол Мемлекеттік басқару академиясы ұйымдастырып отырған курстың өзектілігі мен қажеттілігін атап өтіп, мұндай білім беру шараларының әкімдердің кәсіби дамуына серпін беретінін жеткізді.
Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды. Шара ауыл әкімдерінің дүниетанымын кеңейтіп, кәсіби әрі рухани дамуына оң әсер етті.