Жаңалықтар

ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ МЕКТЕБІ

Ағымдағы жылдың 24 сәуірінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті және Академияның Атырау облысы бойынша филиалы бірлесіп, «Әдеп жөніндегі уәкіл мектебін» ұйымдастырды. Аталған шараға мемлекеттік орган басшылары мен әдеп жөніндегі уәкілдер қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – коммуникативтік құзыреттілікті дамыту, этика және тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын жетілдіру, қызмет барысында туындайтын дилеммалар мен сындарлы диалог жүргізу тәсілдерін меңгеру.

Шара барысында алғысөз сөйлегендер қатарында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жахин Нұрлан Серікұлы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Еркебаев Нұрлан Тәңірбердіұлы және Академияның Атырау облысы бойынша филиалының директоры Ғабдығапаров Еркебұлан Серікұлы болды.

 Шара аясында Академияның қоғаммен байланыс секторының меңгерушісі Мадибекова Аяжан Махамбетовна (онлайн) дағдарыс кезіндегі коммуникация, репутациялық менеджмент бойынша баяндамасын ұсынды. Сонымен бірге, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Нұрлан Тәңірбердіұлы этикалық кодексті қолдану және нақты жағдайлар бойынша кейстерді талдау жүргізді. Атырау облысы әкімінің аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Төлегенқызы тәжірибе алмасу мен ситуациялық тапсырмаларды талдауға жетекшілік етті.

Іс-шара соңында қатысушылар сұрақ-жауап сессиясына қатысып, білімдерін бекітіп, арнайы сертификаттармен марапатталды.

Бұл мектеп – мемлекеттік қызметшілер арасында жоғары этикалық мәдениетті нығайтуға және халықпен тиімді диалог орнатуға жасалған нақты қадамдардың бірі болды.