2024 жылдың 18 қазан күні Атырау облысының әкімдігінде Академияның Атырау облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшылары мен персоналды басқару (кадр) қызметінің мамандарымен кездесу өтті. Академияның қызметтері туралы ақпаратты толық түсіндіріп, кадрларды дамытуға байланысты ұсыныстармен бөлісу – кездесудің негізгі мақсаты болды.
Кездесу барысында Академияның түрлі кәсіби қызметтерді ұсынатыны туралы айтылды. Олардың қатарында «Ассессмент-орталық» әдісімен персоналды кешенді бағалау, жобалық менеджментті дамыту, кәсіби сертификаттау және ҚР СТ ISO бойынша адами ресурстарды басқару саласында сертификаттау қызметтері бар. Бұл қызметтер қызметкерлердің құзыреттерін арттыруға және кәсіби даму жолында тиімді құрал болып табылады.
Академияның Адами ресурстарды басқару институты, Құзыреттерді бағалау секторының меңгерушісі Дәуешова Әлия Еркінқызы мемлекеттік қызметшілерді кешенді бағалау жүйесінің тиімділігі мен «Ассессмент-орталық» әдісінің ерекшеліктері туралы баяндама жасады. Бұл әдіс қызметкерлердің кәсіби қабілеттерін толық бағалауға және олардың дамуына қажетті бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді.
Академияның Мемлекеттік басқарудағы персоналдың сәйкестігін тану орталығының басшысы Халбаев Ержан Әбдалыұлы жобалық менеджмент пен персоналдың кәсіби сертификаттау қызметтері туралы ақпарат беріп, қызметкерлердің кәсіби өсуіне ықпал ететін жаңа әдістермен бөлісті.
Академия өкілдерінің ұйымдастырған бұл кездесуі Атырау облысындағы мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор басшылары үшін маңызды ақпараттық алаңға айналды. Кездесу барысында қатысушылар Академияның ұсыныстарымен танысып, персоналды басқарудағы жаңа әдістер мен құралдарды енгізудің артықшылықтарын түсінді.