2025 жылғы 24 сәуірде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалында Атырау қаласының әкімі Кейкін Шәкір Кейкінұлының қатысуымен «Guest Talk» мотивациялық кездесуі өтті.
Іс-шараға «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге арналған қайта даярлау курсы мен семинар тыңдаушылары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру, жас қызметкерлерге мотивациялық серпін беру және кәсіби даму бағытын айқындау болды.
Қала әкімі өз сөзінде басқару мәдениеті, әкімдік қызметінің ерекшеліктері мен жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелер туралы ой бөлісіп, мемлекеттік қызметтегі тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, қатысушыларға мемлекеттік қызметтегі этика мен адамгершілік қағидалары, кәсіби даму мен үздіксіз білім алудың маңыздылығы жөнінде пайдалы ақпарат ұсынылды.
Бұл кездесу жас мемлекеттік қызметшілер үшін маңызды тәжірибе мен жігер беретін құнды алаңға айналды.