Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы Атырау облысы бойынша филиалында балалар жазушысы, әдебиет сыншысы, Алаштанушы-ғалым, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Тоқтарбай Елдос Нүсіпұлы қонақта болды. Алаштанушы қайта даярлау курсын оқып жатқан жас мемлекеттік қызметшілермен мотивациялық кездесу өткізді.
Елдос Нүсіпұлы Алматы облысы, Көксу ауданының тумасы. Алдымен балаларға арналған шығармалар жазып, елге балалар жазушысы ретінде танылған. 2019 жылдан бері, Алаш тұлғаларын зерттеп жүрген жас алаштанушы ретінде танымал.
Жастар қатысқан тағылымды шарада тарихымызға өшпес таңба қалдырған заман шындығы турасында сөз қозғаған Елдос Тоқтарбай:
«Біз қазіргі таңда, Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған санаулы ғана қайраткерлерді білеміз. Бірақ қазақ даласынан репрессияға ұшыраған 25 мың адамның барлығы да жәй адамдар емес еді. Алды тоғыз тілді меңгерген үлкен оқымысты болса, ізін басқандары ең кемінде ауыл мектебінің директоры болатын. Қысқасы, барлығыныңда көзі ашық, көкірегі ояу болатын. Қайтсем, қазақты алға оздырамын деп, мансап жолында арын сатпаған шынайы, мемлекетшіл арыстар еді. Алаш арыстарына қатысты әліде айтылмай, ашылмай келе жатқан жәйт өте көп».
Елдос Нүсіпұлы жас мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызметке адал әрі жауапкершілікпен қарау керектігін алға тартып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Кездесу соңында филиал директоры Азамат Әбділқаилұлы төл тарихымызды танып, Алаш мұрасын зерттеп жүрген Елдос Нүсіпұлына кездесуге келіп, құнды ақпараттарымен бөліскеніне алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.