Жаңалықтар

КУРС ТЫҢДАУШЫЛАРЫ ATYRAU HUB ОРТАЛЫҒЫМЕН ТАНЫСТЫ

11 қазан күні Академияның Атырау облысы бойынша филиалының курс тыңдаушылары Қазақстанның батысындағы инновациялық және технологиялық экожүйені дамытуға бағытталған Atyrau Hub орталығында болып, оның қызметімен танысты. Орталықтың басты миссиясы – стартаптарды қолдау, IT білім беруді дамыту және жергілікті IT-қоғамдастықты нығайту.

Atyrau Hub-тың мемлекеттік қызметшілер үшін маңыздылығы айрықша. Мемлекеттік басқару саласында цифрландыру мен инновациялық шешімдердің қажеттілігі күннен-күнге артып келеді. IT саласының жылдам дамуы мемлекеттік қызметшілерге заманауи технологияларды тиімді қолдануды және цифрлық дағдыларды меңгеруді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Atyrau Hub орталығы мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби өсуіне және олардың басқару процесіне жаңа технологияларды енгізуіне зор мүмкіндік береді.

Тыңдаушылар үшін бұл танысу кездесуі тек теориялық емес, тәжірибелік тұрғыдан да өте пайдалы болды. Олар орталық қызметкерлерінен стартаптар, IT оқыту және цифрлық трансформация мәселелері бойынша толық ақпарат алды. Тыңдаушыларды толғандырған сұрақтарға Өңірлік менеджердің көмекшісі Дауылбай Ануарбек толық жауап беріп, мемлекеттік қызметшілердің IT саласындағы инновациялық жобаларға қатысуы мен олардың маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған өңірлік инновациялық экожүйелерді дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Atyrau Hub орталығының үлесі зор. Мұндай орталықтар мемлекеттік басқару саласының цифрлық трансформациясына қолдау көрсетіп, қызметкерлердің цифрлық дағдыларын дамытуда маңызды рөл атқарады.