2024 жылдың 18 қыркүйек күні Академияның Атырау облысы бойынша филиалында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Еркебаев Нұрлан Тәңірбердіұлының қатысуымен мотивациялық кездесу өтті. Дәріс барысында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметшілер мен семинар тыңдаушылары еңбек мотивациясы мен мансаптық өсу мәселелері бойынша құнды ақпарат алды.
Нұрлан Тәңірбердіұлы еңбек мотивациясының маңыздылығын түсіндіріп, қызметкерлердің жеке мотивациялық типтерін анықтауға арналған арнайы тест жүргізді. Бұл тест арқылы қатысушылар өздерінің жұмысқа деген уәждемелерінің ерекшеліктерін айқындап, алдағы мансаптық қадамдарын жоспарлауға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, кездесу барысында мемлекеттік қызметтегі мансаптық өсу жолдары мен кәсіби дамуға қатысты нақты кеңестер берілді. Спикердің пікірі бойынша, әрбір мемлекеттік қызметші өз міндеттерін адал орындау және кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отыру арқылы қоғамға және мемлекетке үлес қосады.