Жаңалықтар

ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫНДА КӨШПЕЛІ СЕМИНАР ӨТТІ

 11-14 наурыз аралығында Академияның Атырау облысы бойынша филиалы Құрманғазы ауданында «Мемлекеттік сатып алулар: практикалық қолданылуы» тақырыбында көшпелі семинар ұйымдастырды. Бұл семинар мемлекеттік сатып алу саласындағы кәсіби құзыреттіліктер мен тәжірибелік дағдыларды дамытуға бағытталды.
 Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу саласындағы нормативтік-құқықтық актілерін, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңындағы негізгі өзгерістерді және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру принциптерін талқылады. Сонымен қатар, конкурстық тәсілмен сатып алу, www.goszakup.gov.kz порталының мүмкіндіктерін пайдалану, камералық бақылау жүргізу және мемлекеттік сатып алу субъектілерінің жауапкершілігі сияқты маңызды аспектілерді меңгерді.
Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық көрсеткіштері, мемлекеттік қызметшілердің құзыреттіліктерін дамыту және тәжірибелік кейстерді талдау бойынша да білім алды.
Семинар нәтижесінде қатысушылар мемлекеттік сатып алу үдерісіндегі заңнамалық нормаларды жетік меңгеріп, тәжірибелік дағдыларын нығайтты. Бұл оларға мемлекеттік сатып алу сапасын арттыруға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға көмектеседі.