2024 жылғы 2-20 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге арналған қайта даярлау курсы өткізілді.
Курстың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тиімділігін арттыру үшін қажетті құзыреттерді дамыту, олардың кәсіби дағдыларын жетілдіру және тұлғалық қасиеттерін шыңдау.
Курс барысында қатысушылар үш негізгі модуль бойынша білім алды:
-Тұлғалық дағдыларды дамыту: «Мен» тұжырымдамасы немесе «Өзіңнен баста». Бұл модуль жеке тұлғалық тиімділікті арттыруға бағытталған, онда қызметшілер өздерінің soft skills деп аталатын қабілеттерін дамытып, білімдерін жетілдірді.
-Кәсіби дағдыларды дамыту: «Мен және менің кәсіби тиімділігім». Бұл бөлімде қызметшілер кәсіби қызмет барысында қажет болатын hard skills бойынша білімдерін шыңдап, қызметтік міндеттерді тиімді орындауға қажетті қабілеттерді дамытуға көңіл бөлді.
-Ұйымдастырушылық әлеуетті арттыру: «Мен және команда». Модуль командалық жұмыс пен ұйымдастырушылық қабілеттерді дамытуға бағытталды, оның аясында мемлекеттік қызметшілер команда басқару және ұйымның әлеуетін тиімді пайдалануға қажетті білім мен дағдыларды меңгерді.
Курс соңында тыңдаушылар өз жобаларын қорғады. Атап айтқанда, «Тайсойған ауылын дамыту», «Қосшағыл ауылына жылыжай салу», «Қызылқоға ауданы Миялы ауылдық округінде тері өңдеу цехын ашу», «Көктоғай ауылдық округінің бюджетін арттыру технологиясы» сияқты ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған маңызды жобалар ұсынылды.