Жаңалықтар

АКАДЕМИЯМЕН БІР ҚАДАМ АЛҒА

Атырау облысында алғаш рет Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалы 2024 жылы 09 тамыз күні «Академиямен бір қадам алға» тақырыбында түлектер қауымдастығы форумын ұйымдастырды. Форумға мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызметтің ардагерлері, квазимемлекеттік сектордың, бизнестің, облыстық, қалалық, аудандық және Жастар Мәслихаттарының өкілдері, сонымен қатар Филиалдың бұрынғы директорлары, Академияға оқуға түскен болашақ тыңдаушылар мен түлектер қатысты.
Қауымдастықтың мақсаты – Академияның түлектері арасында қауымдастық пен корпоративтік рухын нығайтып, мүдделер мен құндылықтар ортақтығын сақтай отыра, білім ордасының дамуының тұрақтылығы мен үдемелілігін қамтамасыз ету.
Аталған форумға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Әбіл Ерлан Қуанышұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы Атырау облысы әкімінің құттықтау хатын табыстап, кәсіби мемлекеттік аппарат құру мен жоғары біліктілікті мамандарды даярлауда Академия ұжымының қажырлы еңбегін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшінің кәсіби құзыреттілігінің маңыздылығына тоқталып, қоғамымыздың тұрақты дамуына белсенді қатысатын көшбасшыларды қалыптастыру қажеттілігін алға тартты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ермаханбетов Ерлан Мейрамханұлы «Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысын жетілдіру: ашықтық және адал ниеттілік» тақырыбында баяндама жасады.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Идрисов Саламат Нұрмұханұлы «Жас мемлекеттік қызметші» мектебі – жас буын өкілдеріне мемлекеттік қызметтің іс жүзіндегі дағдыларын үйренуге мүмкіндік беретіндігін айрықша атап өтті.
Сонымен қатар Академия түлектері Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айманакумов Азамат Мақсотұлы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшысының бірінші орынбасары Жахин Нұрлан Серікұлы, Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Саламат Амангелді Сағидоллаұлы, Атырау облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Сәлімбаев Азамат Серікболұлы мемлекеттік қызметтегі кәсібилендірудегі Академияның рөлі, Академия қабырғасында алған білімдері мен тәжірибелерімен бөлісті.
Шара соңында «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің альянсы» қоғамдық бірлестігінің Президенті Алин Қанат Төлеубекұлы жеке және кәсіби өсуге ықпал ететін түлектер қауымдастығы форумының жұмысына сенім артып, жетістікке толы болашақты бірге құруға шақырды.
Білім және идеялармен алмасуға мүмкіндік берген форумда қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, Академияны 30-жылдық мерейтойымен құттықтады.