«Алғыс айту күніне» орай ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалы «Алғысымыз шексіз…» атты шара ұйымдастырды.
⠀
Көктемнің алғашқы күніне орайлас келген шараға Филиал мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент ұжымы және «Мемлекеттік қызмет мектебінің» мүшелері – тағылымдамадан өтуші жас мамандар белсене қатысты.
⠀
Шара барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының орынбасары А. Наурызбаев, Филиалдың жетекші сарапшысы Л. Ғазизова ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі – Алғыс айту күнінің тарихына тоқталып, ой бөлісті. «АЛҒЫС» сөзінің әр әрпіне сай топтарға бөлінген шара қатысушылары да алғыс айту күнінің, алғыс, ризашылық сөздерінің мән-мағынасына тереңдеп, ортақ ой-пікірлерін тоғыстырды.
⠀
«Алғыс айту күнін» Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Университетінің доценті, психология ғылымдарының кандидаты Н.Иманғалиеваның қызықты тимбилдингі жандандырып, ұжымдық рухты, ынтымақтастық ахуалды жетілдіре түсті.
⠀
Әріптестер мен шара қонақтары өз әсерлерімен бөлісіп, бір-біріне ізгі тілектерін арнап, ризашылықтары мен алғыстарын білдірді.
⠀
Шараға қатысушылар «Алғыс» әнін бірлесе орындап, ерекше әсермен қорытындылады.