Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірінші вице-ректоры Е.Ш. Дүсіпов іссапармен Атырау қаласында болып, Атырау облысы әкімі аппаратының басшысына және Академияның Атырау облысы бойынша филиал ұжымына жаңа басшы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ректорының бұйрығымен 2022 жылдың 01 сәуірінен бастап тағайындалған Азамат Әбділқаилұлы Бекішті таныстырды.
Бірінші вице-ректор өз сөзінде «Сізге Академия басшылығы үлкен сенім артып отыр. Сіз жаңа идеяларды енгізіп, осы саланы абыроймен алып жүресіз деген сенімдемін. Жаңа жұмыс орнында сәттіліктер тілеймін»,-деді.
Өз кезегінде Азамат Әбділқаилұлы Академия басшылығы білдіріп отырған сенімді ақтау үшін барлық күш-жігерін салатынын жеткізді.
Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Мейрамханұлы Ермаханбетов Азамат Әбділқаилұлын жаңа қызметімен құттықтай отырып, Филиалмен ынтымақтастықта табысты жұмыстардың жалғасуына тілектестік білдірді.
Кездесу соңында Еркін Шажаұлы Филиал қызметкерлерімен әңгімелесіп, алда тұрған мақсаттар мен міндеттерге тоқталып, болашақта әр қызметкерден жауапкершілік, жаңашылдық және тиімділік талап етілетініне баса назар аударып, соңында Филиал қызметкерлерін құттықтап, жылы тілектерін білдірді.