Жаңалықтар

«ДІНТАНУДЫҢ ҚАЗІРГІ ЗАМАНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ГУМАНИСТІК ТАНЫМ»

Атырау қаласында ұстаздарға арналған «Дінтанудың қазіргі замандық мәселелері және гуманистік таным» тақырыбындағы семинар сәтті аяқталды. Іс-шара 22-23 қазан күндері Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоры мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының бірлесе ұйымдастыруымен өтті.

Семинардың ашылу салтанатына Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы М. Әбуов, Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қ. Мусаев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы К. Тышханұлы, Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облыстық филиалының директоры Е. Ғабдығапаров және «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының директоры А. Айтмағамбетов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ұстаздардың дінтану саласындағы кәсіби құзыреттіліктерін және тәжірибелік дағдыларын арттыру. Семинар барысында қатысушылар діни ахуал, фундаментализм, модернизм және діннің қазіргі қоғамдағы рөлі сияқты өзекті мәселелер бойынша дәрістер тыңдады. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Кеңшілік Тышханұлы дін және қоғамның өзара байланысы жөнінде өз тәжірибесімен бөліссе, Атырау облысы Дін істері басқармасының маманы Ерлан Ерғалиев Қазақстан Республикасындағы діни қызмет туралы заңнаманың ерекшеліктерін түсіндірді.

Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Ұстаздар қауымы білім беру саласындағы осындай маңызды семинарға жоғары бағасын беріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.