Тиімді әрі берік коммуникацияны қалыптастыру қоғамдық келісімге келу үшін аса маңызды. Осыған орай, 29-30 маусым аралығында Академияның Атырау облысы бойынша филиалында медицина қызметкерлеріне арналған «Кәсіби коммуникациялар. Көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті» тақырыбында екі күндік біліктілікті арттыру семинары өтті.
Аталған семинарға облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық мекеме басшылары мен жауапты орынбасарлары қатысты.
Семинардың ашылуында Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев сөз алып, қатысушыларға сапалы білім тіледі.
Рика ТВ телеарнасының тележурналисті, медиа-тренер Оңғар Салтанат Қуанышқызы тыңдаушыларға кәсіби қарым-қатынас құрудың құпияларымен бөлісті. Манипуляцияға төтеп беру техникалары мен «ыңғайсыз» сұрақтарға жауап беру, сөз сөйлегеннен кейінгі өзіндік рефлексия: талдау, бағалау, қателерді түзету бойынша интерактивті пікірталас өткізді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде жүрген сыни бейнероликтер көрсетіле отырып, кемшіліктер мен олқылықтар талқыланды.
Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасының ұсынысымен ұйымдастырылған семинардың екінші күнінде психолог Мусиралина Бұлбұл Окасқызы ұжымның әлеуметтік-психологиялық климатының құрамалары туралы дәріс оқып, ұйымдағы белсенді мінез-құлық стратегиясы және ұйымдағы белсенді мінез-құлық тактикаларын арттыруға мүмкіндік беретін қызықты тренинг өткізді.
Қатысушылар көпшілік алдында дұрыс сөйлеу техникаларын игере отырып, ақпаратты жеткізудің стильдері мен ұтымды құралдарын зерделеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram