1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай, Академияның Атырау облысы бойынша филиалының қайта даярлау курсының тыңдаушылары мен қызметкерлері әлеуметтік маңызы бар шара өткізді. Тыңдаушылар мен қызметкерлер Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесіне барып, онда тұрып жатқан қарттардың жағдайларын біліп, дастарқан жайып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шара барысында тыңдаушылар қарттарға арнап шағын концерт ұйымдастырып, олардың жылы лебіздерін тыңдады. Қазыналы қарттармен емен-жарқын әңгіме құрып, олардың өмірлік тәжірибелерінен үлгі алып, рухани қолдау көрсетті.
Мекеме директоры Сұлтанов Сайлаубек Шәкірұлы тыңдаушылардың бұл ізгі бастамасын ерекше атап өтіп, оларға алғысын білдірді. Ол қарттарға көңіл бөлу, оларға қамқорлық көрсету – қоғамның басты міндеттерінің бірі екенін және мұндай шаралардың маңыздылығын айрықша атап өтті.
Бұл қайырымдылық шарасы тыңдаушылар үшін де, қарттар үшін де ерекше әсер қалдырды. Тыңдаушылар қарттарға көрсеткен қолдаулары арқылы үлкендерге деген құрмет пен сыйластықты нығайта түсті.