2024 жылдың 20 желтоқсанында Академияда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Жазықбай Дархан Медеғалиұлының қатысуымен кездесу өтті. Республика деңгейінде ұйымдастырылған бұл шара «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында жастарды мемлекеттік қызметке ерте кәсіптік бағдарлау, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыру және көшбасшылық қасиеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Өңірдегі жастар, дарынды және белсенді мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері мен Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушылары жиынға бейнеконференцбайланыс арқылы Академияның Атырау облысы бойынша филиалынан қатысты.
Жастар Дархан Медеғалиұлына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтар мен мүмкіндіктер туралы ақпарат алды. Кездесуде әділдік пен ашықтық, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызметшілердің этикасы сияқты өзекті тақырыптар да қозғалды.
Сонымен қатар, кездесу аясында қатысушылар ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мен Академия филиалының қызметімен танысты. Жастарға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметтің құрылымы мен функциялары туралы түсінік берілді. Олар басшылармен пікір алмасып, мемлекеттік қызметке қатысты құнды ақпарат жинады.
Бұл шара еліміздің жас буынына мемлекеттік қызметтің маңыздылығын түсіндіріп қана қоймай, оларды қоғамның дамуына үлес қосуға шабыттандырды. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» бастамасы жастардың мемлекет болашағына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram