9 мамыр – тарих төрінен орын алған, мәңгілік есімізде қалатын күн. Ұлы Жеңіс күні аға ұрпақтың жарқын болашақ үшін майдан даласында және тылда көрсеткен қаһармандығы мен жанқиярлық ерлігін бейнелейді. Сұрапыл соғыстың қиямет – қайым ауыртпалықтары оқ пен оттың ортасында жүрген майдангерлердің ғана емес, алыс тылдағы барша халықтың қабырғасына батқан сол жылдар санадан әлі ұмытылған жоқ.
Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мен Академияның Атырау облысы бойынша филиалының қызметкерлері Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен ардагер Тасқынбаев Есен Тасқынбайұлының шаңырағына арнайы барып, атаулы күнмен құттықтады.
Ардагер тылдағы ерен еңбектері мен қиын қыстау кезінде отандастарына көрсеткен қолдау көмектері әрі ұзақ күткен Ұлы Жеңіс туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Өз кезегінде Департамент пен Филиал қызметкерлері ардагерлеріміздің ауыр жағдайда атқарған ерен еңбектерін ешқашан ұмытпайтынын жеткізді. Сондай-ақ, олардың өнегелі өмірі мен ғибратты ғұмыры жас буын өкілдеріне үлгі-өнеге екенін атап өтті. Ал, қария болса келушілерге өсиет-тілегін айта отырып, батасын берді.