Атырау облысы әкімдігі және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің қолдауымен 2024 жылдың 9-10 желтоқсан аралығында Академияның Атырау облысы бойынша филиалы «Өңірлік кадр резерві мүшелерін оқыту» тақырыбында семинар ұйымдастырды.
Семинардың негізгі мақсаты – мемлекеттік сектордың басқару мәдениетіне өзгерістерді тиімді енгізу үшін кадр резервінің құзыреттерін жетілдіру.
Семинар барысында өңірлік басқару саласындағы тәжірибелі мамандар түрлі тақырыптар бойынша дәрістер оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті:
– Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы қатысып, «Өзгерістер процесінің көшбасшысы» тақырыбында дәріс өткізді. Өз сөзінде ол өзгерістерді басқарудағы көшбасшылықтың маңыздылығын және бұл бағыттағы стратегиялық тәсілдерді атап өтті.
– Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Еркебаев Нұрлан Тәңірбердіұлы «Мемлекеттік сектордағы трансформация және жаңғырту процестері» бойынша дәріс оқып, мемлекеттік қызметті жетілдірудегі жаңа бағыттарды ұсынды.
– Атырау облысы Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Сарманов Нұрболат Әлібекұлы бюджет қаражатын жоспарлау процесін оңтайландырудың әдістері мен тәсілдеріне тоқталды.
– Атырау облысы Экономика және қаржы басқармасының Мемлекеттік басқару, құқық, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында жоспарлау бөлімінің инспекторы Шаймарова Уздик Шаймаровна «Бюджеттік процестер және бюджетті қалыптастыру алгоритмі» тақырыбында сабақ жүргізді.
– Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуаныш Айгүл Базарбайқызы «Белгісіздік жағдайындағы өзгерістерді басқару» тақырыбында жас көшбасшылардың қажетті дағдыларды меңгеруіне ықпал ететін маңызды мәліметтермен бөлісті.
Семинар өңірлік кадр резерві мүшелерінің басқарушылық құзыреттерін дамытуда маңызды рөл атқарып, мемлекеттік басқару саласында жаңа бастамаларды енгізуге бағытталған тәжірибе алмасу алаңына айналды. Алдағы уақытта да осындай семинарлар тұрақты түрде өткізіліп, жас көшбасшылардың құзыреттерін жетілдіру жұмыстары жалғасын табады.