14-18 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалында «Е-өтініш: азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу» тақырыбында біліктілікті арттыру семинары өтті. Бұл семинардың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің ережелерін тәжірибеде қолдану бойынша кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру.
Семинар бағдарламасында мемлекеттік қызметшілер азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу саласындағы құқықтық аспектілерді жан-жақты зерттеп, «Е-өтініш» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктерімен танысты. Оқыту барысында қатысушылар ішкі әкімшілік рәсімдер, олардың қағидаттары, негізгі элементтері мен кезеңдері, сондай-ақ сыртқы әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің мәні мен түрлері бойынша білімдерін кеңейтті.
Семинар тақырыптары аясында тыңдаушылар әкімшілік рәсімдердің ерекшеліктері мен түрлерін, әкімшілік актіге сотқа дейінгі шағымдану тәртібін, шағымды қарастыру және шешім шығару мәселелерін жан-жақты талдады. Сонымен қатар, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі, әкімшілік талап қоюдың нысаны, мазмұны мен түрлері туралы толық мәлімет алды. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру мақсатында қатысушылар практикалық кейстерді талқылап, нақты жағдайлар бойынша өздерінің кәсіби біліктіліктерін шыңдады.